Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Аналар күні мерекесі атап өтілді

Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Аналар күні мерекесі атап өтілді

Бүгін Астанадағы Есіл ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына ақ жаулықты аналарымыз жиналып, аналар мерекесін атап өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Орталық қызметкерлері Аналар мерекесін «Батыр ана», «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне құрмет көрсетіп, олардың ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына қосқан еңбегін ұлықтау мақсатында ұйымдастырды.

Мерекелік іс-шара «Аналар әлемі» атты сурет көрмесінен басталды. Сонымен қатар жиналғандарға «Қолөнер-тоқыма» атты шеберлік класы өткізілді.

Аналар мерекесі Орталықтың көркем өнерпаздары даярлаған концертпен ұласты. Барлық әндер ана тақырыбына арналды. Қала зейнеткерлерінен құралған «Асыл мұра» домбырашылар оркестрі, «Ардагерлер» хоры мен «Сағыныш сазы» ансамблі және т.б. өнерпаздар өнерлерін ортаға салды.

«Аналар күні» мерекесіне қатысқан зейнет жасындағы бір «Батыр ана», бір «Алтын алқа» және 12 «Күміс алқа» иегеріне қошемет көрсетіліп, сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шараға қала кәсіпкерлері демеушілік етті.

Айта кетейік, биыл еліміздің мерекелік күндер күнтізбесі жаңа мерекемен толықты. Атап айтқанда, алғаш рет «Аналар күні» мерекесі атап өтілді.