
Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясына алты ай бұрын бүйрек трансплантациясын жасаған қала тұрғыны Бекболат Шерниязов қатысып, игі бастамаға қолдау білдірді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экоакцияның «Өнегелі ұрпақ» деп аталатын төртінші аптасында ол Сарыарқа ауданында орналасқан «Ақжайық» тынымбағында жас көшеттер отырғызды.
Ол үш жылдан бері ауыр бүйрек ауруына шалдығып, гемодиализ медициналық құрылғысына тәуелді болып өмір сүріп келген.
Қуанышқа қарай әйелінің бүйрегі өзінікімен 86 пайызға сәйкес келіп, былтыр күзде сәтті ота жасалған.
«2023 жылы бүйректі трансплантациялау бойынша сәтті ота жасалды. Бұрын аптасына үш рет, төрт сағаттан ем қабылдап жүрген кезімде ешқайда аттап басып бара алмайтынмын. Алты ай болды, денсаулығым күн сайын қалпына келуде. Бір айдан соң жұмысқа шығамын. Әрине, өз бүйрегін берген әйеліме ризашылығым тіптен шексіз. Дегенмен біз бұндай шешімге келер алдын ұзақ ойландық. Себебі, отадан кейін «отбасында екеуміздің де денсаулығымыз нашарлап кетсе, балаларға кім бас-көз болады?» деген уайым болды. Дегенмен ақылдаса келе әйелімнің бүйрегін трансплантациялауға келістік. Ал бүгін бір-екі күрек топырақ тастасам да, пайдам тисін деп осы жерге келдім», - деді ол.
Экологиялық акцияға Астана қалалық мәслихатының депутаты, белгілі тележурналист Ләйла Сұлтанқызы да қатысты.
«Сенбілік дегеніміз – тек қана сенбі күні жұмыс істеу деген сөз емес. Президентіміз де қаланы тазалау, көшет отырғызуға бір күндік іс-шара ретінде қарамау керек екенін айтқан болатын. Сондықтан өзімнің Instagram парақшамда да оқырмандарымды бірге жұмыс істеуге, елордамызды бірге көркейту үшін осы акцияға үлес қосуға шақырдым. Менің іс-әрекетімді көрген бала мені қайталайды, өзіне үлгі алады. Осылайша баршамыз бірге үлес қосуымыз керек», - деді Ләйла Сұлтанқызы.