Астанада балалар арасында жол қозғалысы ережелерін білуге арналған конкурс өткізіледі

Астанада балалар арасында жол қозғалысы ережелерін білуге арналған конкурс өткізіледі

Елордалық №53 «Мерей» балабақшасында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері арасында жол қозғалысы ережелері бойынша «Брейн-ринг» қалалық байқауы өткізіледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Байқау тәрбиешілердің, педагогтардың, атап айтқанда дене шынықтыру нұсқаушыларының, музыкалық жетекшілердің, сондай-ақ мектепалды топ тәрбиеленушілерінің қатысуымен өткізіледі.

«Бүгін біз «Брейн-ринг» жол қозғалысы ережелері бойынша қалалық байқаудың екінші кезеңін өткіземіз. Байқауға 645 бала қамтылған 120-дан астам өтінім келіп түсті», - деді Есіл ауданы ПБ ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Әлия Нұрғалиева.

Байқау «Сәлеметсің бе, балам!», жол қозғалысы ережелері мен жол белгілері тақырыбына сұрақ-жауап викториналары «Сен білесің бе?» және рөлдік ойындар «Бағдаршам», «Қозғалыс ережелеріне – біздің құрметіміз!», «Жол қозғалысы әліпбиі» кезеңдерінен тұрады.

Байқауға қаланың әртүрлі аудандарынан келген балабақша тәрбиеленушілері қатысады. Іс-шара соңында үздік балабақшалар Гран-при, I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ балабақшалардың педагогтары мен тәрбиеленушілеріне сертификаттар беріледі.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы мен Астана қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының, «Әдістемелік орталық» МКҚК және «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы» КММ қолдауымен өтуде.