Қазақстан астанасындағы блок-бекеттер алынды

Қазақстан астанасындағы блок-бекеттер алынды

Бірақ бұл карантин режимі аяқталғанын білдірмейді, полиция азаматтардың санитарлық талаптарды сақтауын қадағалайтын болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Түн жарымда Нұр-Сұлтан аумақтық шекараларында наурыз айында орнатылған блок-бекеттер алынды. Бұдан былай еліміздің барлық азаматы елордаға кіре және шыға алады.

«Елді мекендердің арасындағы блок бекеттер алынғанымен карантин режимі аяқталған жоқ. Covid-19 пандемиясы қалды, сондықтан полиция қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайды. Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, 1 маусымнан бастап Қазақстан астанасының аумағына жеке көлікпен және жолаушылар автобусымен кіру және шығуға рұқсат етіледі. Тек полиция аталған нормалардың орындалуын қадағалайтын болады. Ол көпке мәлім маска кию, антисептик пайдалану, көпшілік жерде қашықтық сақтау сияқты қарапайым талаптар. Азаматтарға санитарлық нормаларды сақтау қажеттігін ескертеміз», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Данияр Оралов.

Полицейлер, әскерилер, дәрігерлер, әкімдік өкілдері, эпидемиологтар және волонтерлер айлар бойы блок-бекеттерде жұмыс істеді. Осы аралықта олар достасып үлгерді. Блок-бекеттер алынған соң әріптестер қуаныштарымен бөлісіп, естелікке ұжымдық суретке түсті.

«Әрине, біз 1 маусымнан бастап блок-бекеттер ашылады дегенді естіп қуандық. Жұмыс кезінде бір отбасындай болып кеттік», – дейді полицияның кіші лейтенанты Тілек Аманжолов.

1 маусымға қараған түні блок-бекеттердегі елордаға кіріп/шығуға кедергі болған темір қоршаулар, бетон плиткалары мен жол белгілері алынды. Еске салайық, қаланың периметрі бойынша орналасқан блок-бекеттерде тәулік бойы полицейлер, әкімдік өкілдері, медицина қызметкерлері, ҚК әскери қызметшілері, Ұлттық гвардияның өкілдері кезекшілікте болды. Сондай-ақ әскерге шақырылғандар да жұмыла жұмыс істеді. Блок-бекеттердегі кіру және шығу процессі толық автоматтандырылған: полицейлердің планшеттеріне орнатылған электронды база тәртіп бұзушыларды анықтауға көмектесті. Азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктері үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылып, одан қала тіршілігін қамтамасыз ету салаларының жұмысшылары да өтті. Блок-бекеттердегі ахуал дронның көмегімен бақыланды.