Астана тұрғындары әлеуметтік жоба арқылы жаңа мамандық иеленді

Астана тұрғындары әлеуметтік жоба арқылы жаңа мамандық иеленді

Елорда тұрғыны JOLTAP жобасына қатысу арқылы жаңа мамандық иеленгенін айтты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

2023 жылдың тамыз айынан бастап елорда тұрғындары JOLTAP әлеуметтік жобасы аясында қысқа мерзімді курстарда кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламаға қатысушылар 14 мамандық бойынша тегін оқытылады.

Астаналық Салим Доганның айтуынша, ол кафеде бармен болып жұмыс істейді, бірақ бұрыннан бариста болғысы келген.

«Мен кофе жасау техникасын үйренгім келді. Таныстарым маған әртүрлі тәсілдерді үйретті, бірақ мен ерекше дәмі мен хош иісі бар кофе дайындай алмадым. Курстарда мен бірінші сабақтан бастап бізді өз ісінің нағыз маманы үйрететінін түсіндім. Менің ойымша, бариста – өте жақсы мамандық, оны үнемі жетілдіріп, жаңа нәрсені үйрену керек. 15 жылдық тәжірибесі бар тәлімгер бізге кофе дайындаудың барлық практикалық негіздерін үйретті. Енді мені жұмысымда бас бариста лауазымына дейін көтерді», – деп бөлісті елорда тұрғыны.

Жобаның тағы бір қатысушысы Шынар Құсайынова «Баршаға мүмкіндік» мобильді пунктерінде тігін курстарынан сәтті өтті.

«Осы оқуға түскеніме өте қуаныштымын. Мұнда киім тігуді үйрендім. Оқыту өте қызықты болды. Оқытушы Анар Төлегенқызы – өз ісінің кәсіби маманы. Бізді ылғи да күлімсіреп қарсы алатын әкімшіге де алғысым шексіз. Берілген мүмкіндік үшін әкімдікке көп-көп рақмет», – деп бөлісті елорда тұрғыны.

Естеріңізге сала кетейік, JOLTAP жобасының басты мақсаты — елорда тұрғындарына табысын арттыру мүмкіндіктерін таңдауда, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыруда көмек көрсету. Елорда тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері қаланың әр түкпірінде орналасқан және күн сайын әрі демалыс күндерінсіз жұмыс істейді.