Нұр-Сұлтан қаласының делегациясы Бангкоктағы «Бауырлас қалалар апталығына» қатысты

Нұр-Сұлтан қаласының делегациясы Бангкоктағы «Бауырлас қалалар апталығына» қатысты

 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің делегациясы Бангкокта 27 маусым мен 1 шілде аралығында өтетін «Бауырлас қалалар апталығы» ресми және мәдени бағдарламасына қатысты. 

Қазақстандық делегацияның Бангкокқа сапары екі астана арасында бауырластық қарым-қатынас орнатудың 15 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтіп жатыр. Тиісті меморандумға 2004 жылдың 11 маусымда қол қойылған.

Іс-сапар барысында Нұр-Сұлтан қаласының өкілдері тай әріптестерімен кездесіп,өзара астаналық билік қызметінің өзекті бағыттары бойынша пікір алмасты.

Атап айтқанда, қазақстандық делегация елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімеледі.

ЭКСПО-2017 базасында жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, Seedstars ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған халықаралық технологиялық стартап-инкубатор, қалалық даму акселераторы, сондай-ақ ІТ-стартап хабы сияқты перспективалы жобалар жеке атап өтілді.

Шағын және орта кәсіпкерлік, туризм, мәдениет және спорт сияқты салаларда ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу перспективалары қаралды. Сонымен қатар, екі астаның өкілдері Бангкоктың орталық парктерінің бірінде «Бәйтерек» монументінің моделін орнату мүмкіндігін талқылады.

Іс-шараның мәдени бөлімі аясында әлемнің 7 елінен келген Бангкоктың 19 бауырлас қалаларының музыкалық және би ұжымдары тай халқының назарына өз өнерлерін көрсетті. Қазақ музыка өнерінің дәстүрлі және заманауи шығармаларын орындаған ART Домбыра тобының өнеріне жұрт ыстық ықыласын білдірді.

Сонымен қатар, фотокөрме аясында іс-шара қонақтары Нұр-Сұлтан қаласының көрікті жерлерімен танысуға мүмкіндік алды.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы Таиланд корольдігінің елшілігі екі елорда арасындағы бауырластық қарым-қатынастың 15 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда бірнеше мәдени іс-шара өткізу үшін дайындалып жатыр.

7-8 шілде күндері сағат 20.00-де Есіл өзеніндегі Амфитеатрда «Таиланд түндері» өтеді. Онда тай халқының музыкасы мен ұлттық биі жұртшылық назарына ұсынылады.