
Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай Астанадағы Еуразия ұлттық университеті іс-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Алдымен көрнекті ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
«Қазақ ғылымының атасы, ғалым, геолог, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Ол – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ғалым қазақ даласындағы көптеген пайдалы қазбаларды алғаш ашты. Ұлы тұлғаның мерейтойына арналған іс-шаралар өзге қалаларда да ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі 12 сәуір ғылым қызметкерлерінің күні құтты болсын», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Кейін Ғылым академиясының тұңғыш президентіне жасалған барельефтің ашылу салтанаты өтті. Оны министр Саясат Нұрбек пен Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашты.
Қаныш Сәтбаевтың суреті бейнеленген тақтайша университеттің бас ғимаратына орнатылды. Оның авторы – ЕҰУ сәулет кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Талғат Анарбеков.
«Мен бір аптадай Қаныш Имантайұлының тақтайшаға сай келетін портретін іздеп, осы нұсқасына тоқталдым. Рельеф мүсіндік пластиленнен жасалған. Жалпы, мүсіндеу үшін 1 айдай уақыт еңбек еттім», - деді Талғат Анарбеков.
Сондай-ақ, мұнда Қаныш Сәтбаевты еске алу мақсатында оның жеке қолданған заттарының, экслюзивті портреттердің, ғылыми еңбектердің көрмесі ұйымдастырылды.
Мұнда келген қонақтар, оқытушылар, студенттер ғалымның туған жері Павлодар облысы, Баянауыл ауданынан арнайы әкелінген жәдігерлермен танысты.