Қытай астанасы Бейжіңде көркем жүзуден Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде отандастарымыз жеңіс тұғырынан көрінді

Қытай астанасы Бейжіңде көркем жүзуден Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде отандастарымыз жеңіс тұғырынан көрінді

Акробатикалық топтық бағдарламада қыздарымыз жарыс қожайыны Қытай құрамасынан озып, чемпион атанды. Құрама сапында Астана қаласының спортшылары яғни, Әйгерім Құрманғалиева, Жания Жиенғазы, Анна Павлецова, Жаклин Якимова өнер көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Осыған дейін техникалық бағдарлама бойынша әйелдер арасындағы топтық сайыста жерлестеріміз қола жүлде жеңіп алған болатын.

Ал сәл ертеректе елордалық Анна Павлецова өзінің жұбы Виктор Друзинмен аралас жұптық сынның еркін бағдарламасында күміс жүлдеге қол жеткізген болатын. Олар финалда 161.5771 балл жинады.

Қытайдағы Әлем Кубогының кезеңі осымен аяқталды. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен елордалық спортшылар Қытай астанасындағы жарыста бас аяғы 4-жүлде еншіледі. Олар акробатикалық топтық бағдарламада алтын жүлдегер атанса, жарыстың алғашқы күнінде елордалық Эдуард Ким мен оның жұбы техникалық бағдарламада күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, елордалық Анна Павлецова өзінің жұбымен аралас жұптық сынның еркін бағдарламасында күміс жүлдеге қол жеткізсе, техникалық бағдарлама бойынша әйелдер арасындағы топтық сайыста жерлестеріміз қола жүлде жеңіп алды.

Айта кетейік, байрақты бәсекеде 14 елден келген 85 спортшы сынға түсіп, 11 медаль жиынтығы сарапқа салынды.