Астанада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері талқыланды

Астанада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері талқыланды

Астанада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кеңес полиция департаменті, Құрылыс істері комитеті, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті, "Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы" ЗТБ, "Қазақстан Тұрғын үй компаниясы" АҚ өкілдерінің қатысуымен Астана прокуратурасының үйлестіруімен өтті.

Бүгінде рұқсат құжаттамасы, оның ішінде үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ құрылыс салушылардан төмен құны бойынша пәтер сатып алу үрдісі сақталуда.

Қолданыстағы заңнаманы айналып өту кезінде жасалған алдын ала брондау, резервтеу, инвестициялау шарттары сияқты мәмілелер жарамсыз болып табылатынын атап өткен жөн.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісімді жасасуға мынадай талаптар қойылады:

1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша жасалады және ол жергілікті атқарушы органда есепке қойылған сәттен бастап жасалған болып есептеледі.

2. Үлескерлердің ақшасын тартуды уәкілетті компания жергілікті атқарушы органның рұқсаты және тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына кепілдік беру негізінде жүзеге асырады.

3. Уәкілетті компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасу мақсатында жүгінген жеке және заңды тұлғаларға танысу үшін құрылыс нысаны туралы толық ақпарат береді.

4. Уәкілетті компания толық емес және дұрыс емес ақпарат берген жағдайда, үлескер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Егер сізбен қолданыстағы заңды айналып өту туралы мәміле жасалған жағдайда, уәкілетті органға – Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 9, 324-кабинетте орналасқан "Астана қаласының қалалық орта сапасын бақылау басқармасы" ММ-не хабарласуыңызды сұраймыз.

Кері байланыс телефондары: 8 (7172) – 55-04-28, 55-67-03.