«Жанұя» орталығы ТЖ кезінде 5 мыңға жуық тұрғынға кеңес берді

«Жанұя» орталығы ТЖ кезінде 5 мыңға жуық тұрғынға кеңес берді

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы өткен жылдың тамыз айында ашылды. Қысқа мерзім ішінде орталық заңгер, психологтың кәсіби кеңесін қажет ететіндерге, әлеуметтік көмекті, жаңа мамандықты қалай алуға болатынын білмейтіндер үшін таптырмас көмекшіге айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Орталық тұрғындарға «бір терезе» қағидасы бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. Карантин кезінде орталық онлайн режимінде көмек көрсете отырып, өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазір «Жанұя» штаттық режимде жұмыс істейді.

«Біз орталық жұмысын қалпына келтірдік. ТЖ кезінде қала тұрғындарына колл-орталық арқылы қызмет көрсеттік. Осы кезеңде бізге 5 мыңға жуық адам өтініш білдіріп, барлығына қажетті кеңес берілді», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгерім Тәңірбергенова.

Ашылған сәттен бастап мұнда 27 мың мәселе бойынша 12,7 мыңнан астам азамат жүгінді. Оның ішінде 20 мың мәселе қаралды, яғни консультациялық қадамдық көмек көрсетілді, 7 мыңы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар «Жанұяда» онлайн режимде көп балалы әйелдер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, толық емес отбасылар үшін «Кәсіпкер ана» оқыту курстары өтуде.

«Осы жоба аясында дизайнер, копирайтер, СММ маманы және басқа да қажетті мамандықтарға оқуға болады. Жоба арқылы бес жүзден астам әйел оқытылды. Олардың 70-і үйде немесе өзінің шағын ісін ашты. Менің ойымша, бұл жетістік», – дейді А.Тәңірбергенова.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде орталық қызметкерлері халыққа психологиялық көмек көрсеткен.

«Қоңыраулар өте көп болды. Ата-аналар бала тәрбиесі, отбасылық мәселелерді шешу бойынша жиі жүгінген. Біздің психологтар адамдарға өте көп көмектесті», – деді А.Тәңірбергенова.

Айман Умарова – «Жанұя» орталығының көмегіне жүгінгендердің бірі.

«Менің жеті балам, оның ішінде сырқат қызым бар. Бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрамыз. Біз үшін қандай әлеуметтік көмек қарастырылғанын білу үшін келдім. Мәселе оң шешілді. Шағын бизнес ашқым келеді: шаштараз немесе аспаз», – дейді ол. Заңгер кеңесін алуға келгендердің бірі – Ақмарал Катаева.

«Мен «Жанұяға» көмек сұрап келіп, заңгердің сауатты және толық кеңесін алдым. Сол үшін ризашылығымды білдіремін. Атаулы әлеуметтік көмек алуға келдім. Мен төрт бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана, үй шаруасындағы әйелмін», – деді А. Катаева.