
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус инфекциясының қазіргі ахуалы туралы онлайн-брифингте айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«13 мамырда екі өлім оқиғасы тіркелді. 1958 жылы туған әйел мен 1977 жылғы ер адам қайтыс болды. Екеуі де елорда тұрғыны. Емдеу хаттамасына сәйкес, науқастар реанимация бөлімшесі мен республикалық реанимациялық орталықта барлық профилактикалық және диагностикалық процедуралардан өткен. Сонымен қатар емдеу барысында жетекші мамандардың кеңесі де ескерілген. Қарқынды терапия мен реанимациялық шаралардың ұйымдастырылуына қарамастан науқастар көз жұмды. Осыған байланысты біз марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», - деді С.Қисықова.
Оның айтуынша, 15 мамырда Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясының 1 173 жағдайы тіркелген, олардың 518-і сауығып, емханадан шықты. Коронавирус жұқтырған науқастардың тек 4%-ы ғана ауыр жағдайда, 17%-ы орташа, 79%-ы жеңіл дәрежеде өтуде. Бүгінгі таңда 1423 науқас осы профильдегі ауруханаларда. Коронавирус инфекциясынан 661 науқас ем алуда. Ем алып жатқан пациенттердің төрттен бірінің жағдайы тұрақты, бір науқас жасанды вентеляциялық желдету көмегіне жүгінген. Басқа науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Басқарма басшысы қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы да айтып өтті.
«Мамырдың бірінші аптасында өсім 4,9%, екінші аптада 3,9% болды. Аурудың өсуі мен жаңа жағдайларды тіркелуі 20,5% төмендеді. Карантинді алып тастау кезеңдері әр аптада қаладағы аурудың төмендеуіне байланысты жеңілдейді. Құрметті қала тұрғындары, карантин уақытын тоқтату тек сіздерге байланысты. Инфекцияның алдын алу үшін ең алдымен өзіңізге жақсы таныс негізгі талаптарды қатаң сақтауыңыз керек», - деді С.Қисықова.
Сонымен қатар, брифингте Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева 18 мамырда қандай нысандар жұмысын бастауға болатындығын атап өтті.
«18 мамырдан бастап қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысына рұқсат етіледі. Бұл ретте 50 орынға дейінгі жобалық көлемдегі дәмханалар, мейрамханалар және жазғы ашық дәмханалар қамтылады. Сондай-ақ балабақшалардағы кезекші топтардың, балалардың жеке сыныптарға арналған коррекциялық кабинеттерінің жұмысы қарастырылған», - деді Ж.Пралиева.
Сонымен қатар сауда және ойын-сауық орталықтары, көңіл көтеру орындары, қоғамдық тамақтану орындары мен сұлулық салондары, маникюр, педикюр, косметологиялық қызметтерін қайта қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.