«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің жұмысына цифрлық технологиялар енгізіледі

«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің жұмысына цифрлық технологиялар енгізіледі

«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында цифрландыру бағдарламасы енгізіледі. Бұл туралы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ММ басшысы орынбасарының м.а.  - Азамат Ағзамов Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша бұл бастама Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және цифрландыру басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылып отыр.

«Біз де өз кезегімізде осы жүйені қолданып көруге бел буып, арнайы платформа дайындадық. Өздеріңіз білесіздер кешенге келген қонақтар мен иппотерапия әдісімен оңалту бойынша әр баланың деректерін жазу, кезекке қою, одан бөлек т.б жұмыстары бар. Бұл жұмыстар бәрімізге мәлім біраз уақытты талап етеді. Осыған байланысты және ең бастысы елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін цифрландыру мақсатын көздеп отырмыз», - дейді ол.

Азамат Ағзамов өз сөзінде алдағы уақытта «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің жұмысы төрт бағытқа бөлінгенін мәлім етті.

Енді қызметалушы келесідей қызмет түрлеріне тапсырыс беруі үшін осы платформаны пайдалана алады:

1. Иппотерапия / атпен емдік сауықтыру;

2. Балалар мен жасөспірімдерді олимпиадалық және ұлттық ат спортына баулу;

3. Жеке және топтық атқа міну;

4. Ат орынды жалға беру.

Енді қызметалушы өзі таңдаған қызмет түрлеріне алдын ала тапсырыс беріп, үш жұмыс күні ішінде «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені тарапынан жауап алады. Жауап не оның ұялы телефонына қысқа хабар ретінде, немесе электрондық поштасына хабарлама алады.