
Елорданың «Бәйтерек» және «Астана» аула клубтарында Наурыз мейрамын мерекелеу үшін спорт жарыстары мен концерттік бағдарлама өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
20 наурызда Қазақстанда ұлттық спорт түрлері күні атап өтіледі. Мереке құрметіне «Бәйтерек» және «Астана» аула клубтары «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, тәрбиеленушілері арасында спорт жарыстарын ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шара клуб мүшелері өнер көрсеткен салтанатты концерттен басталды. Шығармашылық ұжымдар ұлттық би, вокал, домбыра шертеу және гитарада ойнау шеберліктерін көрсетті.
Дойбы, шахмат, бокс, дзюдо және еркін күрес спорт түрлерінен турнирлер ұйымдастырылды. «Бәйтерек» аула клубының жетекшісі Бақыт Айданбекова балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты дамытудың ерекше маңызын атап өтті.
«Кез-келген спорт түрі өскелең ұрпақты күш, ерік, патриотиз рухында тәрбиелейді. Сондықтан бүгін біз клуб балаларына өздерінің спорттық қабілеттерін көрсетуге және ұлттық ойындарға қатысуын жөн көрдік», - деді Бақыт Айданбекова.
Жарыстардан басқа, клубтар ауласында асық және арқан тарту ойындары өтті, оған балалар ғана емес, олардың ата-аналары да қатысты.
«Менің қызым аула клубында сурет сабақтарына қатысады, сондықтан әдеттегі іс-шараларға қатыспайды. Осыған қарамастан, біз барлық концерттерге қызығушылықпен барамыз, бұл біз үшін мәдени демалыс», – деді клуб тәрбиеленушісінің анасы Эльмира Байрамғалиева.
Мерекеге ерекше қонақтар – қаланың еңбек сіңірген оқытушылары, ардагерлер, зейнеткерлер, сондай-ақ Байқоңыр ауданының тұрғындары шақырылды. Қонақтарға наурыз көже, бауырсақтар мен тәттілер ұсынылды.
Аула клубтарының тәрбиеленушілерін Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев құттықтады.
«Наурыз – бірліктің, мейірімділіктің, бақыт пен жаңарудың мерекесі. Мерекемен шын жүректен құттықтаймын және әр отбасыға амандық, бақыт пен қуаныш, ал еліміздің өркендеуін тілеймін!» – деді Самат Ибраев қонақтарға.