Елордалық мейіргер: Кәсіби міндетімізді, азаматтық борышымызды адал атқару – басты парыз

Елордалық мейіргер: Кәсіби міндетімізді, азаматтық борышымызды адал атқару – басты парыз

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көпсалалы медицина орталығының мейірбикесі Зәуре Жылқыбаева коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің бүгінгі жай-күйі туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Зәуре Жылқыбаева Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көпсалалы медицина орталығында инфекциялық блокта бас мейірбике болып қызмет етеді. Бүгінде ол коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен жұмыс істейді.

«2020 жылдың 28 қаңтарынан бастап қалалық фтизиопульмонологиялық орталықта инфекциялық изолоятор ашылды. Бұл жаққа қызмет етуге елорданың барлық медицина мекемелерінен инфекционист дәрігерлер, мейірбикелер, кіші медициналық персонал, тазалықшылар жіберілді. COVID-19 инфекцияcына қарсы күрес мақсатында әріптестерімізбен бірге жұмысқа келдім. Барлық қызметкерлер изолояторға жатқызылған науқастарға аянбай көмек көрсетіп келеді», – дейді ол.

Оның айтуынша, орталықта коронавирусқа қарсы ем-шараға қажетті дәрі-дәрмектер, медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныс құралдары, киімдер, антисептик ертінділері жеткілікті.

«Жұмысқа келгелі отбасымызбен жүздескен жоқпыз. Тек ұялы телефон арқылы сөйлесіп, амандық біліп отырамыз. Алғашында отбасымызды сағынып, үйрене алмасақ та, кәсіби міндетімізді, азаматтық борышымызды адал атқаруға тырысудамыз. Ақ халатты абзал жандарды халықаралық мейірбикелер күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, отбасы амандығын тілеймін. Аман-есен жанұяларыңызға барып, балапандарыңыздың бақытты күлкісін көруді бұйыртсын», – дейді медицина қызметкері.

Дәрігерлердің кәсiби мерекесi 12 мамыр күнi аталып өтiледi. Елордада 19440 медицина қызметкері жұмыс жасауда. Оның ішінде орта медицина қызметкерлерінің, яғни, мейірбикелердің саны 5808 адамды құрайды.