Отандық компаниялар дәрігерлер мен еріктілерге қолдау көрсетуде

Отандық компаниялар дәрігерлер мен еріктілерге қолдау көрсетуде

Қазақстандық фирмалар дәрігерлер мен еріктілерді шырынмен және сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Отандық бизнес өкілдері қазақстандықтарға карантин кезінде көмек көрсетуде. Атап айтсақ, жоғары классты шырын жеткізумен айналысатын @apple_zhas компаниясы қайырымдылық акциясына қосылды. Компания өкілдері елордалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесімен бірлесе отырып, «Біргеміз» акциясы аясында күні бойы еңбек етіп жүрген волонтерлерге күн сайын 30 литр витаминді шырын жеткізеді.

«Сондай-ақ «Біз біргеміз» акциясы аясында азық-түлік себеттерін жеткізу жалғасуда. Жеңіс күні аясында ҰОС және тыл ардагерлеріне және оларға теңестірілген азаматтарға «Эйр Астана» ұсынған азық-түлік себеттерін жеткізудеміз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов.

Өз кезегінде азық-түлік жиынтығын алушылар еріктілерге, мемлекет пен компанияларға алғыс білдіруде.

«Ең алдымен, барлық еріктілерге денсаулық, жемісті жұмыс, бақыт тілеймін. Алла Тағала қайырымдылықтың сауабын молынан берсін. Сіздерге және бізге қамқор үкіметке рахмет», – дейді тыл ардагері Бекетай Түленбаев.

«Күні-түні аянбай, осы жиынтықтарды жеткізіп, бізге көмек көрсеткен еріктілерге рахмет. Өмірлі болсын, біз көрген қиындықтарды көрмей, тек жақсылықта ғұмыр кешсін деп тілеймін!», – дейді тыл ардагері Улмес Төлепбергенова.

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында қарағандылық «Нәтиже» сүт компаниясы еріктілерге арнап апта сайын сүт өнімдерін бөледі. Аталған компания коронавируспен күресіп жүрген Нұр-Сұлтан қаласының көпсалалы медициналық орталығының 250 дәрігеріне йогурт, айран және ірімшік топтамасын жіберді.