«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтанда 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтанда 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Олардың жартысы қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында ел Үкіметі 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту жол картасының инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруды бастады. Жобаларды іске асыруға қажетті білікті мамандарды іріктеу жүзеге асырылуда.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі сөйлеген сөзінде қаржыландырылған жобалар есебінен жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын атап өтті.

«Негізгі міндет – жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру. Бұл мақсатқа 61 млрд теңге бөлінген. Елордада 105 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Олардың жартысы жұмыспен қамту орталығы арқылы өтеді», – деп хабарлады бүгін брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.

Оның айтуынша, жұмыс берушілермен жасалған барлық шарттарда кемінде 90% қазақстандық мазмұндағы материалдар міндетті түрде қолданылуы қарастырылған. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 670 жаңа жұмыс орнын құрумен 15 жоба мақұлданды.

Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері жұмыспен қамту жол картасы жобаларына кадрлар іріктеуде. Бос жұмыс орындары www.enbek.kz электронды еңбек биржасында қолжетімді болады. Олар құрылыс, жөндеу, абаттандыру салаларында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, медициналық тексеру, қызметкерлерді жинау және жұмыс орнына дейін тасымалдау үшін мобильді рекрут пункті құрылды.

Бағдарламаға қатысу үшін Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту орталығына келесі нөмірлер бойынша хабарласу қажет: 57-88-89, 72-93-62. Толық ақпарат жұмыспен қамту орталығының (www.cz.astana.kz)ресми сайтында.