
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөледі. 2019 жылы кезекте тұрған 2900 тұрғын жеңілдікпен пәтер алса, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаяды. 2020 жылы жеңілдікпен берілетін пәтер саны 8 мыңнан асады.
Бұрын саяжайлар орналасқан жерде «қадамдық қолжетімділік» принципі бойынша шағын аудан салынды. Шағын ауданда балабақша, мектеп, үйірмелер мен секциялар, спортзал, бассейн, спорттық және футбол алаңдары бар.
«2017 жылдан бастап 6 гектар жерде эконом-класты шағын аудан салдық. Мұнда спорт кешені, жүзу бассейні – 25 м, минифутбол, баскетбол, күрес залы, көркем гимнастика залы бар. Балабақша бар. Барлығы қолжетімді», – деді «Полет-М» ЖШС учаскесінің бастығы Розмат Әлібеков.
Аталған ауданның тұрғыны Жарқын Мәженов «Спутник» тұрғын үй кешенінде бір жылдан астам уақыт тұрып жатқандығын айтты.
«Бір жылдан астам уақыт тұрамын. Осы уақыт ішінде құрылыс компаниясы сапалы, функционалды үй салды. Бағасы қолжетімді. Үй бағасына сәйкес келеді. Барлық инфрақұрылым бар, барлық жағынан ыңғайлы», – деді елорда тұрғыны Жарқын Мәженов.