Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: Жаңа заң ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектеседі

Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: Жаңа заң ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектеседі

Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Сансызбай Есіловтың айтуынша, қабылданған заң - Жеңіс күнінің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында ардагерлерге арналған ерекше сыйлық болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Үкімет пен қоғам тарапынан ардагерлерге көмек көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда қолдап отыру керек. Жалпы, ардагерлерге қандай құрмет көрсетіп, қалай қолдасақ та артық болмайды. Себебі олар Отанды қорғау жолында қызмет етті», - деді С.Есілов.

Жаңа заңда ардагерлерге берілетін кепілдік пен жеңілдіктер қарастырылған.

«Онда бұған дейін мәртебесі айқындалмай, тиісті әлеуметтік жеңілдіктерді ала алмаған санаттағы азаматтардың мәселесі шешімін тапты. Атап айтқанда, ауған соғысы, тәжік-ауған шекарасын күзеткен, Таулы Қарабахтағы ұрыстар пен Ирактағы бітімгерлік опарциясына қатысқан азаматтар мен Чернобль апатының салдарын жоюға атсалысқан азаматтарға жәрдемақы қарастырылған», - деп қосты Сансызбай Есілов.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған Заңға сәйкес 5 әлеуметтік қорғалатын  санаттағы ардагерлерге: Ұлы Отан соғысының ардагерлері; басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; еңбек ардагерлері; Заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар жатады.