Елордалық акушер: Біз үнемі карантин режимінде жұмыс істейміз

Елордалық акушер: Біз үнемі карантин режимінде жұмыс істейміз

Нұр-Сұлтан қалалық №1 көпбейінді аурухана акушерлері күн сайын 30-ға жуық сәбидің өмірге келуіне көмектеседі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аурухананың акушерлік бөліміне тәулігіне 27-30 екіқабат әйел түседі.

«Жыл басынан бері біздің орталықта 2366 сәби өмірге келді. Көбі – ұл балалар. Соңғы уақыттағы тенденция ұл балалардың көп туып жатқанын көрсетіп отыр. Олардың дені мерзімінен бұрын, яғни шала туған балалар. 700-900 граммдық шақалақты арнайы неонатология бөлімінде күтеміз. Кейбір нәресте 2-3 айда салмақ қосып, жетіліп кетеді. Ал кейбірі одан ұзақ болуы мүмкін. Дәрігерлер әр баланың күтімін жасайды», – дейді №1 көпбейінді қалалық аурухананың акушері Гүлдесін Құстаева.

Оның айтуынша, әйелдердің мерзімінен бұрын босануының түрлі себебі бар.

«Тәжірибе 32-36 аптада мерзіміне жетпей туатын сәбилердің көп екенін көрсетіп отыр. Оның себебі әртүрлі: экологиядан бастап түрлі созылмалы аурулардан болуы мүмкін. Аналардың көбі бала жоспарлауға салғырт қарайды. Салдарынан қиындық туындап жатады. Қалай болғанда да, баланы жоспарламас бұрын толық медициналық тексеруден өтіп, ана болуға дайындалған жөн», – деп қосты маман.

Бұған қоса акушер салмағы 5 келіден асатын алып балалардың да кездесетінін айтты.

«Салмағы 5,5 -5,6 келі болатын алып сәбилер де жиі кездеседі. Көбіне сусамыр, гормондық аурулары бар аналардан туады. Сондай-ақ қазір адамдардың көбі құнары жоқ фаст-фуд өнімдерін жиі пайдаланып, аз қимылдайды. Соның да әсері бар», – дейді Г.Құстаева.

Елорда акушерлері төтенше жағдай кезінде қалыпты жұмысын жасауда. Күн сайын бұл бөлімде 5 акушер кезекшілікке түсіп, әйелдерді босандырады.

«Бізде арнайы карантиндік бөлім бар. КВИ белгілері байқалған жүкті аналарды сол бөлімге жатқызып, емдейміз. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Сәуір айында COVID-19 инфекциясымен түскен екіқабат әйел біздің бөлімде босанды. Өзі де, сәбиі де емделіп, аман-есен үйлеріне шығарылды. Жалпы, біз ТЖ жарияланғанға дейін де карантин режимінде жұмыс істедік. Тіпті, үнемі карантин режимінде жұмыс істейміз десек те болады. Себебі коронавирусқа дейін де басқа індеттер болған. Біз үшін мереке, демалыс деген түсінік жоқ», – дейді акушер.

Сөз соңында маман әлеуметтік желіде «карантиннен кейін демографиялық өсімді күтіп» отырғандарға жауап берді. «Карантинге дейін де туу көрсеткіші жаман болған емес. Демография карантинсіз-ақ жақсы дамып жатыр», – деді Гүлдесін Құстаева.

Еске сала кетейік, 5 мамыр – Халықаралық акушерлер күні. Бұл күнді атап өту идеясы 1987 жылы Нидерландыда Халықаралық акушерлер конфедерациясының конференциясында ұсынылды. Аталған мереке 1992 жылдан бастап тұрақты түрде аталып өтілуде. Жалпы қаланың перинаталдық орталықтарында 262 акушер жұмыс істейді. Тек жыл басынан бері елордада 7587 нәресте дүниеге келді.