
Ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында Астана қаласының Байқоңыр ауданында қарттар мен жастар Көрісу күнін атап өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қарттары үшін ауданда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Көрісу күнінде жас ұрпақ пен қарттардың жылы кездесулері рухани-мерекелік іс-шарада жалғасты. Жастар орталық алаңда түрлі аспаптарда ойнап, өз өнерлерін көрсетті, ал үлкен кісілер тілектерін айтып, баталарын берді.
Айта кету керек, бұл күні бұрынғы реніштер, араздық ұмытылып, жұрт бір-біріне амандық тілейді. «Жыл басы көктемге аман-есен жеттік» деген сөздермен дастархан жайылып, үлкендерді құрметтеп, құттықтайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамының мазмұнын одан әрі байыту және оны жастар арасында танымал ету қажеттігін атап өтті.