
Бокстан 3-11 наурыз күндері аралығында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде егіз спортшылар Айбек және Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Ағайынды боксшыларды Астана қаласының халықаралық әуежайында жанкүйерлері мен жақындары салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әлемдік іріктеу турнирінде жеңіске жеткен егіз боксшыларды күтіп алуға Астана қаласы әкімдігінің Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының басшысы Дастан Жұмабай мен туған-туыстары, достары қатысты. Бұл тек Астана қаласы үшін ғана емес, қазақ боксы үшін ерекше жайт. Себебі, бірінші рет ел тарихында егіз боксшылар Олимпиадада ел намысын қорғайды.
Қазақ спортында егіз спортшылар аз емес. Бірақ егіз боксшылардың жазғы Олимпиадаға баруы отандық спортта тіркеліп тұрған алғашқы жайт. Тарихқа назар аударсақ, жалпы бокстан Олимпиадада 4 мәрте ғана егіздер бақ сынаған екен. Енді солардың қатарына Айбек пен Нұрбек Оралбайлар кірді.
3-11 наурыз күндері аралығында Бусто-Арсицио қаласындағы бірінші әлемдік іріктеу турнирінде 112 елден 598 боксшы Париж Олимпиадасының 49 жолдамасын сарапқа салды.
80 келіде әлем чемпионы Нұрбек Оралбай алғашқы 2 кездесуінде қара күші бойына сыймай тұрған Гаити өкілі Седрик Белани мен Того боксшысы Прева Падабадидің ауыр соққыларын дарытпай, техникалық шеберлігінің арқасында төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті. 1/8 финалда осы салмақтағы фавориттің бірі – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Алферовтан алғашқы раундта 2:3 есебімен ұтылғанымен, қалған уақытта дәл соққы және қарымта шабуылдарға иек артып, жеңісті жұлып алды. Шешуші айқаста отандасымыз Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Келин Кассидиден айласын асырды. Есеп: 4:1.
92 келіде Айбек Оралбайға жеребе қиын түсті. Ол бірінші кездесуінде-ақ Азия чемпионы Санжит Санжитті 5:0 есебімен жеңді. Екінші кездесуінде Оңтүстік Корея боксшысы Ханеул Жангты нокдаунға жіберіп, кім мықты екенін көрсетті. 1/8 финалда 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 3 Олимпиаданың қатысушысы, 35 жастағы Хулио Кастильо Торрестен (Эквадор) қауіп күткен еді. Алайда жерлесіміз 3 раунд бойы мықтылығын көрсетті. Қорытынды жекпе-жекте АҚШ-тың талантты спортшысы Жамар Таллейге еш мүмкіндік қалдырмай, 5:0 есебімен ұтты. Осы жеңісімен Айбек жас болса да, тәжірибесі толысқан боксшы екенін бокс сүйер қауымға дәлелдеді.
Міне осылайша, Нұрбек пен Айбек Оралбай Париж Олимпиадасының жолдама иегері атанды. Бір үйден шыққан қос боксшыға 4 айдан кейін өтетін 4 жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасында сәттілік жолдас болғай!