Астана тұрғындары коммуналдық қызмет мамандарына жылы шарфтар тоқып берді

Астана тұрғындары коммуналдық қызмет мамандарына жылы шарфтар тоқып берді

Елордада 30 градус аяз байқалады. Осыған қарамастан, қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қолайсыз ауа райында оларға алаңдаушылық білдірген астаналықтар жылы шарфтар тоқып берді. «Игі істер марафоны» аясында еріктілер шарфтарды қала көшелерін тазалаушыларға таратты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Акция әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышевамен бірлесіп өткізілді.

Негізгі мақсат – қатты аязда да жұмысы тоқтамайтындарға қолдау көрсету.

«Бұл алғашқы қайырымдылық акция емес, бұған дейін бізде «Құрақ-көрпе» стиліндегі эко-шырша құру жобасы болған. Осылайша, біз барлық тұрғындар мен кәсіпкерлерді жақсылық жасауға шақырамыз», - деді әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.

Бір ай бойы 6-70 жас аралығындағы қала тұрғындары 100-ден астам жылы шарф тоқыды. Қайырымдылық акциясына 70-ке жуық ерікті қатысты.

«Бізге жылы шарфтар берілді. Бұл, әсіресе, аязды күндері қажет. Еріктілерге қамқорлық танытып, қол ұшын созып жатқандарына рақмет», - деді жол қызметкерлерінің бірі Қайрат Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, елордада «Игі істер марафоны» жалғасуда. Акцияның басты мақсаты – еріктілер мен барлық тұрғындарға халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаттарына, қарт адамдарға, мұқтаж зейнеткерлерге барынша көмек көрсетуге мүмкіндік беру.