
Бір күнде елордадан 41 мың текше метрден астам қар шығарылды. Коммуналдық қызмет тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
15 ақпаннан 16 ақпанға қараған түні қала бойынша қар тазалау жұмыстарына 166 жол жұмысшысы мен 800-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
15 ақпанда күндізгі ауысымда полигондарға қала көшелерінен 41 мың текше метрден астам, яғни 3,1 мыңнан астам ауыр жүк көлеміне тең қар шығарылды.
Қыс басынан бері қаладан жиыны 342 мыңнан астам рейс, яғни 4,6 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруі үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге құм-тұз қоспасы себіледі.
"Қазгидромет" синоптиктерінің мәліметінше, 16 ақпанда Астанада күн бұлтты, жауын-шашынсыз болады деген болжам бар. Солтүстік-батыс жел екпіні 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде -33-35, күндіз -27-29 аяз.