Нұр-Сұлтан Арыс тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетіп жатыр

 Нұр-Сұлтан Арыс тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетіп жатыр

Елордалық кәсіпкерлер, түрлі мекеменің ұжымдары мен қала тұрғындары Арыс тұрғындары үшін 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов мәлімдеді.  

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қала әкімдігі Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Нұр-Сұлтанның жұмыс тобы тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін Арыс қаласына барды.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов бастаған жұмыс тобы Арыс қаласына үйлер мен инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін көмек көрсетуге барды. Топ құрамында инженерлер, құрылысшылар және басқа да қажетті мамандар бар. Олар түркістандық әріптестерімен бірге қаланы қалпына келтіруге көмектеседі», - деді Ерлан Каналимов.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдардың, қалалық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына бір күндік жалақысын, яғни жалпы сомасы 200 млн теңге аударды.

Елордада «Арыс. Біз біргеміз!» атты жалпыреспубликалық акция аясында зардап шеккендер үшін  гуманитарлық көмек қабылдайтын 5 пункт ашылды. Үш күн ішінде елорда тұрғындары мен кәсіпкерлерінен 120 тоннаға жуық тауар жиналып, «Нұр-Сұлтан қаласы Арыспен бірге» атты керуенмен жіберілді.

Елорда әкімдігі Арыс қаласының балаларына ерекше қамқорлық көрсетіп жатыр.

«Арыс қаласының 500 баласы үшін елордаға жазғы демалыс ұйымдастырылады. 29 маусымда Нұр-Сұлтанға балалардың алғашқы тобы келеді. Кішкентай туристерге арналған бағдарлама мұқият ойластырылған. Экскурсияларда балалар бас қаланың көрікті жерлерімен танысып, концерттерге қатысады. Біз балаларды қажетті заттармен, киіммен және мектепке қажет құралдарымен қамтамасыз етеміз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, гуманитарлық көмекті ұйымдастыруға елордалық жастар да белсенді қатысып жатыр. Қалалық жастар ұйымдарының өкілдері Арыс қаласында зардап шеккендерге қолдау көрсету акциясын өткізді. Акция аясында қан тапсырып, одан жиналған қаражат мұқтаж тұрғындарға жіберілді.

«Қазақстан медицина жастары» қоғамдық ұйымы зардап шеккен тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін медициналық оқу орындарының студенттері мен медицина қызметкерлері арасынан еріктілерді жинауда. Қазіргі уақытта 50-ге жуық медик-волонтер Арыс қаласында көмек көрсетіп жүр.

Сондай-ақ Ерлан Каналимов елорда күнін атап өтті. Биылғы іс-шараларды өткізуге арналған бюджет үш есе қысқарған. Енді 300 іс-шара 100-ге дейін қысқарды, ал оның 73-і тегін болады. Олар елорданың ашық алаңдарында өтеді. Қала күнін мерекелеудің барлық тұжырымдамасы әлеуметтік бағытқа ие және жұрт көп жиналады деген жоспар бар.  

«Кестеден қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен OPEN AIR, ашық аспан астындағы гала-концерт, елорданың басты алаңдарындағы жаппай халықтық серуен сияқты ірі әрі шығынға толы жиындар алынып тасталды. Биыл іс-шаралардың негізгі орындары қаланың шеткі бөліктерінде орналасады. Яғни, 8 тұрғын үй алабы, саябақтар, скверлер, бульварлар, Есіл өзенінің жағалауы», - деді спикер.