Нұр-Сұлтаннан Арыс қаласына 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді

Нұр-Сұлтаннан Арыс қаласына 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді

Нұр-Сұлтаннан Арыс қаласына 8 жүк көлігінен тұратын гуманитарлық көмек керуені жолға шықты, деп қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Жастар ұйымдары, бизнесмендер, мемлекеттік органдар, қала тұрғындары жиналып, жалпы көлемі 120 тоннадан асатын алғашқы қажеттілігі бар тауарлар, киім-кешек пен гигиена құралдарын жіберді.

«Арыс тұрғындары өз қалаларына орала бастады. Қазір оларға ең алдымен азық-түлік, жеке гигиеналық құралдар, киім-кешек қажет. Өз кезегінде кәсіпкерлер жаңа киім, тұрмыстық химия және басқа да қажетті тауарлар жеткізді. Барлық қала тұрғындарына алғысымды білдіремін. Осындай қиын уақытта біз жұмыла білдік. Бұл ең бастысы», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов.

Ол сондай-ақ, Нұр-Сұлтаннан шыққан құрылысшыларға Арыс қаласында қалпына келтіру үшін 500 тұрғын үй бекітілгенін атап өтті. Елордада барлығы 19 құрылыс бригадасы құрылды.

Елорда кәсіпкерлері мен жастар ұйымдары да шет қалмады.

«Арыстағы қайғылы жағдай бәрімізді бей-жай қалдырмады. Біз елорданың шағын және орта бизнес өкілдері бірігіп, көмек көрсетуге шешім қабылдадық. Нан-тоқаш өнімдерін, қант, басқа да азық-түлік өнімдерін жинады. Қазір зардап шеккен қала тұрғындарына біздің қолдау қажет», - дейді «Астаналық нан» ЖШС директоры Әбдрахым Төлендиев.