
Бүгін Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан құрама сапында өнер көрсеткен астаналық спортшы Эдуард Ким мен оның жұбы “алтыннан” алқа тағып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Елордалық Эдуард Ким мен оның жұбы Наргиза Болатова техникалық бағдарламада чемпион атанып, әнұранымызды шырқатты.
Ұлттық құраманың қос спортшысы финалда 228,0050 ұпай жинады. Төрешілер бағдарлама қиындығы жағынан олардың өнерін жоғары бағалады (31.5000 балл).
Бұл Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген алғашқы алтын медалі. Бірінші жүлдені былтыр Жапонияда өткен әлем чемпионатында техникалық бағдарламада жерлесіміз Эдуард Ким (қола медаль) жеңіп алған болатын.
Күміс медаль Қытай құрамасына (Вэньтао Чэн мен Хаоюй Ши), қола жүлде Мексика командасына (Миранда Хименес пен Диего Каррильо) бұйырған болатын.
Эдуард пен Наргиза алдағы күндері еркін бағдарламада сынға түседі.
Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтынмен 5-орынға көтерілді. Көш басында Қытай тұр. Қазір Қатарда 17 мемлекет жүлдеге ие болып үлгерді.
Айта кетсек, байрақты бәсеке ақпанның он біріне дейін Доха қаласында (Қатар) жалғасады.