
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пен қала әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың төрағалығымен елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жиыны өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімінің орынбасары Евгений Глотов елордада 12 мыңға жуық медицина қызметкері: 3 мыңнан астамы дәрігер, 6 мыңға жуық орта медицина қызметкері және 2 мың кіші медицина қызметкері жұмыс істейтінін атап өтті. Осы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша елордада Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ведомстволық бағынысты 33 медициналық ұйым жұмыс істейді.
Басқарма қызметінің қорытындылары және «Салауатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» атты ұлттық жобаны іске асыру туралы басқарма басшысы Әлия Рустемова және оның орынбасарлары, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова, ӘМСҚ Астана бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов және басқалар баяндады.
Қала әкімінің орынбасары барлық баяндаманы қорытындылап, осы жылға арналған бірқатар негізгі міндеттерді айтты:
1) Барлық негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің динамикасын сақтау.
Бүгінгі таңда ана (7,1%) және нәресте өлімі (0,3%), сондай-ақ туберкулезден болатын өлім-жітімнің артуы (8,7%) және бала туудың төмендеуі (7,1%) мәселелері бар.
Ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға медициналық қызмет көрсету сапасына үздіксіз мониторинг жүргізу және қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Жалпы, ағымдағы жылы барлық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейту қажет.
2) Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту:
жаңа объектілер салу, қажетті инженерлік инфрақұрылымның болуын пысықтау, қаланың одан әрі дамуын ескеру қажеттігі бар.
3) Кадрлық қамтамасыз ету:
дәрігерлерге ғана емес, орта медициналық қызметкерлерге де баса назар аудару керек. Қосымша ынталандыру шаралары қажет. Әртүрлі курстарға, тренингтер мен семинарларға қатысу дәрігерлердің кәсібилік деңгейін арттыруға деген ұмтылысына қатты әсер етеді.
4) Материалдық-техникалық қамтамасыз ету: бүгінгі таңда барлық дерлік ұйымдар озық және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алайда, мәселе компьютер техникасымен байланысты. Ақпараттық жүйелердің дамуы жағдайында көлемді мәліметтер базасын жедел өңдеуге жарамды жоғары жүйелік талаптары бар компьютерлер қажет.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына медициналық объектілерді материалдық-техникалық жарақтандыруға талдау жүргізу, қажеттілікті айқындау тапсырылды.
Талдау нәтижелері бойынша нақты іс-қимыл жоспарын және қаржыландырудың қажетті көлемін ұсынуы тиіс.
5) Қаржылық реттеу:
мекемелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қаржылық бақылау мен басқарудың тиімді жүйесін құру қажет.
6) Цифрландыру: барлық процестерді автоматтандыру үшін көбірек технологияларды енгізу. Әкім орынбасары Цифрландыру басқармасына Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, қалалық ахуалдық орталық құра отырып, барлық мекемелерді бірыңғай жүйеге біріктіру мәселесін пысықтауды тапсырды.
Сонымен қатар, қорғаныс департаментімен бірлесіп пилоттық режимде қағаз құжат айналымын болдырмауға мүмкіндік беретін Е-медициналық тексеру жүйесі іске қосылғанын хабарлады.
7) Клиентке бағдарлану тәсіліне жүйелі өзгерістер енгізу және қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыру қажет. Өткен жылы келіп түскен барлық өтініш бойынша талдау жүргізілді.
«2023 жылы 100 мыңнан астам сәтті операция жүргізілді, кәсібиліктің арқасында мыңдаған өмір құтқарылды. Бірлескен күш-жігермен біз қызмет көрсету стандартын айтарлықтай арттыра отырып, жағдайды жақсы жаққа өзгертетінімізге сенімдімін.
Дәрігердің еңбегі зор құрметке лайық, өйткені сіз адам үшін оның денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектесесіз», – деп алғыс сөздерімен алқа жиынын қорытындылады.