
«Игі істер марафоны» аясында елордалық волонтерлер қалалық және халықаралық іс-шараларға жұмылдырылады. Бұл туралы Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Самат Ибраев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ведомство басшысының айтуынша волонтерлер елордада өтетін түрлі халықаралық форумдар, концерттер, спорттық және басқа да бағыттағы шараларда гид, аудармашы, ұйымдастырушы, үйлестіруші, тимлидер, имидж топ, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс, антидопингтік бақылауда, адамдардың ағымын бақылау, хостес, фото-бейнеге түсіру, ақпарат беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аниматор ретінде, қонақтарды күту, нұсқаушы және басқа да позицияда қызмет атқарады.
«Волонтерлер 2023 жылы халықаралық және республика деңгейінде жалпы 150 іс-шараға ат салысты. Айта кетейін, олар халықаралық масштабтағы дзюдодан Азия чемпионатында, «Kazakhstan Security System», «Eurasian Book Fair» фестивалдерінде және басқа да шараларға қатысады.
Қазіргі таңда қаламызда Игі істер марафоны өтіп жатыр.
Марафон және «Қамқорлық мекенжайы» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлерімен 40-тан аса жалғыз басты зейнеткерлердің ауласына тұрмыстық шаруалар атқарылып, көмек көрсетілді, кәсіпорындар мен ерікті ұйымдар қар тазалау бойынша 30 іс-шара ұйымдастырды. Жаппай қар тазалау шараларын ұйымдастыруға 2000-нан астам ерікті мен кәсіпорын қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар, аталған жоба аясында 90 азық-түлік себеті түрінде тұрақты көмек көрсетілді.
Жыл басында жауған қалың қарға байланысты жалғыз тұратын зейнеткерлерге қар тазалау түрінде көмек көрсетілсе, коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратылды», - дейді Самат Ибраев.
Басқарма басшысы сөз соңында аталған акциялар тұрақты және жүйелі негізде өтіп жатыр, әлі де жалғасын табатынын айтты.