
Қалалық спорт басқармасына қарасты «Спорттық медицина орталығы» қызметкерлерінің қатысуымен «Спорт нашақорлық пен есірткіге қарсы!» атты сауаттылық сағаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айтулы жиында нашақорлықтың зияны, оның салдары, спорттағы нашақорлық туралы кеңірек тоқталған мекеменің медицина бөлімі жөніндегі басшының орынбасары Алмат Рамазанов пен хирург-дәрігері Нұрсұлтан Кеңесбек дәріс оқыды.
Сауаттылық сағаты барысында мекеме қызметкерлеріне есірткінің адам ағзасына әсер ету жолдары, оның адам миының орталық жүйке жүйесінің қабілетіне кері әсері туралы баяндалып, есірткіні тұтынған адамның ойлау, есте сақтау қабілетінің біртіндеп кеміп, ашуланшақ, агрессивті күйге енетін қалпы арнайы бейне роликтер арқылы көрсетілді.
«Есірткінің адам өміріне жақсылық әкелмейтінін сіздер жақсы білесіздер.
Барлық адам басында есірткі қабылдауды қызығушылықпен бастайды. Кейіннен соған тәуелді болып қалады. Ал тәуелділіктің арты қайда апаратындығы баршамызға мәлім. Бүгінгі сіздерге арнайы дайындаған видеороликтерді пайдалы ақпарат ретінде қолданып, нашақорлыққа қарсы күресуіміз керек. Сондай-ақ барынша зиянды әдеттерден аулақ болып, саламатты Қазақстанның өркендеуіне үлес қосуымыз керек», - деген хирург-дәрігер жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.
Осындай бағыттағы жиындарды алдағы уақытта да үзбей ұйымдастырып тұратының алға тартқан медицина бөлімі жөніндегі басшының орынбасары Алмат Рамазанов та өз пікірін білдірді.
«Нашақорлық – әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі. Есті алатын есірткі заттарына тәуелділік талай жанның тағдырын талқан еткенін тәжірибеден көріп, біліп жүрміз. Өкініштісі, нашаға әуестенген бір адамның зауалы бүкіл отбасына, жақындарына теріс әсер етеді. Білместікпен, әрі «дәмін көрейін» деген әуестікпен жаңа дүниені тұтынғандардың тәуелділікке бірте-бірте таңылуы оп-оңай.
Алайда олар бұл қызығушылықтың салдарын ойлай бермейді. Осыған орай, жыл басынан бері біз өзіміздің қызметкерлерімізбен алдын ала осындай жиналыстар өткізіп отырамыз. Бұл біз үшін өте маңызды. Өйткені біздің мекеме тікелей спортшылармен жұмыс істейді. Сол себепті нашаны тұтынудың ғана емес, есірткі заттарын тасымалдап, сатып, сақтаудың да соңы жауаптылыққа соқтыратынын үнемі спортшыларымызға түсіндіріп, есірткінің қауіпті екенін жиындарда айтып отырамыз», - деді ол.