Шорт-тректен әлем кубогының жеңімпазы студенттермен кездесті

Шорт-тректен әлем кубогының жеңімпазы студенттермен кездесті

Шорт-тректен Олимпиада қатысушысы, әлем кубогының жеңімпазы Абзал Әжіғалиев Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенттерімен кездесті. Бұл іс-шара «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кездесу барысында Абзал Әжіғалиев студенттерге шорт-тректің киімін таныстырып, спорттың қыр-сыры туралы айтты.

«21 жыл бойы тұрақты үлкен спортта жүрсем де, шорт-трекке бала кезден мақсатты түрде келдім деп айта алмаймын. Олимпиада тарихында ең көп алтын сыйлаған спорттың бірі – бокс. Сол ағаларымызға еліктеп, боксты таңдағым келді. Бірақ Оралда бокс секциясы болмады.
Сондықтан күрес, таэквондомен айналыстым. Мектепте оқып жүргенде шорт-трек атты жаңа спорт секциясы ашылды. Әрі тегін болған соң, қызығушылықпен жазылдым. Алғашқы жаттығудан кейін бұл спорт өзіме лайық екенін түсіндім.
2009 жылы Қытайдағы халықаралық турнирде 120-орынға тұрақтадым. Бұл нәтиже үшін қатты ұялып, спортты тастаймын ба деген ой болды. Алайда бапкерім шорт-трек елімізде енді дамып жатқандықтан, жетістікке көп еңбек пен уақыт қажет екенін түсіндірді», - деді Абзал Әжіғалиев.

Сонымен қатар ол Қытай мен Оңтүстік Кореядағы оқу-жаттығу жиындарында бұл елдің шорт-трекшілері таңғы сағат 5-тен жаттығатынын көріп, қатты таңғалғанын, өзі де бұл әдісті әдетке айналдырғанын атап өтті.

«Нәтижесінде 2016 жылы АҚШ-тағы әлем кубогының кезеңінде топ жарып, ел тарихындағы бірінші алтынды сыйладым. Егер шорт-трекпен сүйіп айналыспағанымда, мұндай жетістікке жетер ме едім?!
Өйткені кәсіби спорт жолына келуіме ата-анам, достарым да қарсы болды. Жетістіктің басты формуласы – жүрегіңізге жақын саланы таңдаңыз. Сол кезде ғана ешкімге мән бермей, биік тұғырдан көрінесіздер! Қазіргі сәтте шорт-трек елімізде жас спорт түрі болса да, қарқынды дамып жатыр.
Соның бір дәлелі – Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Полина Омельчук бірінші рет шорт-тректен қола жүлдеге ие болды», - деді спортшы.

Кездесу соңында колледж студенттері Абзал Әжіғалиевке өздерінің сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті.