Елордалық дәрігерлер болашақ ананың жүктілігін сақтай отырып, көлемді ісікті алып тастады

Елордалық дәрігерлер болашақ ананың жүктілігін сақтай отырып, көлемді ісікті алып тастады

«Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері нейронавигацияны қолданып, жүктіліктің 6,5 айлығындағы әйелдің миындағы 5 см*3,5 см көлемдегі киста ісікті алып тастады. Ота сәтті өтті, пациенттің жағдайы жақсарды, барлық функционалдық және қозғалыс қабілеттері сақталды, жүктілік жалғасуда, пациент шығуға дайындалуда. Ота пациентке МӘМС аясында жасалды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап хабарлайды.

Науқас Астанаға Түркістан облысынан келген. Ол жүктілік кезінде жиі құсып, басы ауыратынына, құрысу болатынына шағымданған.
Дәрігерлер миды МРТ-ға түсіріп, онда көлемді киста ісігін анықтайды. Бұл жағдай Ұлттық нейрохирургия орталығы дәрігерлерінің консилиумында талқыланып, жүкті әйелге Нейрохирургия орталығында ота жасау туралы шешім қабылданды.
Әйел санавиация желісі бойынша орталыққа жеткізіліп, Ұлттық орталықтың мықты мамандары ота жасады.

«Біздің орталықта мидың күрделі диагноздары бар жүкті әйелдерге ота жасалады, олардың арасында қатерсіз және қатерлі ісіктер бар. Бұрын осындай жағдайлар кезінде жүктілікті тоқтату керек болса, қазір жағдай түбегейлі өзгерді.
Ұлттық нейрохирургия орталығында жүкті әйелдерге ота жасап, отадан кейін бала көтеруді жалғастыратын жағдайлар жиі кездеседі.
Сондай-ақ, біздің орталығымызда симультантты оталар жасаған да, яғни екі бригада – нейрохирургтар мен акушерлер тобы жұмыс істеп, әйелді босандырып алған бірнеше жағдай да болды», - дейді ҰНО профессоры, Ми патологиялары нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Рыскелдиев.

Нұржан Рыскелдиев атап өткендей, кейде дәрігерлер болашақ анадағы ең ауыр сырқаттарды жүктілік кезінде анықтайды.

«Бұл пациентте ми бағанының қысылуына алып келген оң жақ церебральды гемисфераның көлемді киста ісігі анықталды. Кистаның көлемі 5 см*3,5 см-ге жеткен.
Киста миды қысып тастаған, сәйкесінше бұл пациенттің жағдайына әсер етті. Біз нейронавигацияны қолдана отырып, кистаны алып тастайтын микрохирургиялық ота жасадық. Ота сәтті өтті, пациенттің жағдайы жақсарды, барлық функционалдық және қозғалыс қабілеттері сақталды, пациенттің жүктілігі жалғасуда, шығуға дайындалып жатыр», – деп бөлісті пациенттің емдеуші дәрігері, нейрохирург-дәрігер Мұратбек Тілеубергенов.

Пациенттің өзі де отадан кейін неврологиялық симптомдар мазаламайтынын, жалпы жағдайының жақсарғанын айтады.

«Қазір менде жүктіліктің 26-аптасы. Менің бірінші жүктілігім болғандықтан, оның үстіне 3 жылдан кейінгі жүктілік болғандықтан, жүктілік симптомдары осындай шығар деп ойладым.
Құсып, басым ауырып жүре бердім. Әр құсқан сайын, жүрген кезде де басым ауыратын. Жарықтан қорқу пайда болды, адамдарға тіке қарай алмадым. МРТ-ға түскеннен кейін басыңызда киста бар, шұғыл түрде ота жасау керек деді. Жалпы жағдайым нашар болған соң мені осы жерге санавиациямен алып келді.
Келген күннің ертеңіне ота жасалды. Отаға дейінгі, ота, отадан кейінгі қазіргі көрсетіп жатқан емнің барлығы тегін, яғни МӘМС арқылы жүргізілді. Отадан кейін, құсқым кеп, басымның ауырғаны, бәрі кетіп қалды, өзім таңғаламын қазір.
Жүктілік деген не екенін енді сезініп жатырмын», - дейді Түркістан тумасы.

Айта кету керек, жыл сайын Ұлттық нейрохирургия орталығында 4500-ден астам ота жасалса, оның 90%-ы МӘМС шеңберінде жасалады.