
Венгрияның Дебрецен қаласында Иштван Бочкайды еске алуға арналған халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Дәстүрлі 68-халықаралық турнирде Қазақстан, Украина, Болгария, Хорватия, Солтүстік Македония, Моңғолия, Польша, Румыния, Сербия, Швейцария, Венгрия елдерінен 125 боксшы бақ сынады.
Қазақстан ерлер құрамасында Астана қаласының былғары қолғап шеберлері де бар. Ақтық бәсекеге дейін жеткен жерлесіміз Асхат Жүсіпов (48 келі) украиналық қарсыласын жеңіп, ұлттық құраманың қоржынына алғашқы алтын медальді салды.
Одан кейін шаршы алаңға 86 келі салмақта өнер көрсеткен ұлттық құраманың ең жас боксшысы, соңғы спартакиаданың жеңімпазы елордалық Темірлан Мұқатаев шықты. Бұл бәсекеде жерлесіміз ересектер арасында алғаш рет шығып, халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Осылайша, Қазақстан ұлттық құраманың былғары қолғап шеберлері командалық есепте бірінші орынға қол жеткізді.