
Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт кешенінде Корея Республикасында ұйымдастырылатын IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына отандық спортшыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Төрт жылдықтың басты жарысы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвон провинциясының Каннын қаласында өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу рәсімінде ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің байрағын шорт-тректен ел чемпионы, спорт шеберіне үміткер Ерасыл Шыңғысхан және конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, сондай-ақ ел біріншілігінің жеңімпазы Кристина Шумакова алып шығады. Өз кезегінде Ерасыл Шыңғысхан ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.
Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы спорттың 5 түрінен бақ сынап, 55 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қысқы Ойындарда ел намысын 42 спортшы биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, фристайл могул және шайбалы хоккей спорт түрлерінен сынға түседі. Олардың қатарында Астана қаласының спортшылары да бар.
Айтулы бәсекеде елордалық ағайынды әпкелі-інілі Мерей мен Ибрагим Тастемірлер кёрлинг спорт түрінен сынға түссе, ал шаңғы жарысы бойынша Берік Боранбаев қатысады. Тағы бір жерлесіміз Руслан Жанаділов қысқы ойындарында конькимен жүгіруден ел намысын қорғайтын болады.
Кореядағы қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында Ибрагим әпкесі Мерей Тастемірмен бірге командада ойнайды.
«Менің арманым – жеңіске жету. Қысқы ойындарда әлемнің ең мықты атлеттерімен күш сынасып, елімнің намысын қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көріну. Ол үшін Олимпиада ойындарында бар күш-жігерімді салатын боламын», - дейді Ибрагим.
Жарыстың ашылу салтанаты 19 қаңтарда Каннын қаласындағы «Gangneuung Oval» спорт кешенінде өтеді. Бұл нысанда конькимен жүгіру спортынан жарыстар ұйымдастырылады. Ал Олимпиаданың жабылу салтанаты 1 ақпан күні Каннындағы «Gangneung Olympic Park» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.
Канвон-2024 Ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 70 елінен 1800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.