
Есіл ауданында сәуір айынан қазан айының ортасына дейін абаттандыру, суару, жасыл желектерді күтіп-баптау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Көшелер мен даңғылдардың бойында, жекелеген учаскелерде абаттандыру жұмыстары атқарылды.. Бұл туралы Коммуникация қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Асылбек Есенбаев айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Осылайша, биыл Мәңгілік Ел даңғылы сапалы түрленді, мұнда Урбанистика орталығы жобасы жүзеге асырылды. Барлығы 860-тан астам ағаш және 45 мыңға жуық бұта мен жасыл желек отырғызылды.
«Тұрғындар мен демалушылардың сүйікті демалыс орны – Нұржол бульвары мен «Бәйтерек» монументі жанындағы саябақ та жасыл желекке оранды. Нұржол бульварын абаттандыру жұмыстары жан-жақты қолға алынды – «Керуен» сауда орталығына 19 мыңнан астам көпжылдық гүлдер, 17-ден астам сәндік гүлді бұталар, сондай-ақ 280-ге жуық бұта ағаштары отырғызылды. Бульвардың арғы бетінде, Музыкалық субұрқақтың жанына тағы 25 мыңнан астам бұта отырғызылды. «Бәйтерек» монументі маңындағы аумақты да назардан тыс қалдырмай, 220-дан астам ағаш, 16 мыңға жуық бұта, 13 мың түп көпжылдық гүл отырғыздық», - деді аудан әкімі.
Бұл ретте Ақмешіт, Сауран, Керей Жәнібек хандар, Ұлы Дала, Алматы көшелеріндегі бос жерлерге де ағаштар отырғызылғанын айта кеткен жөн.
Көктемгі және күзгі көгалдандыру кезеңінде Есіл ауданында 21 мыңнан астам ағаш, 19 мыңға жуық желілік метр қоршау және 170 мыңға жуық көпжылдық сәндік бұталар отырғызылды.