
Оқу-жаттығуды Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық эпидемиологиялық қызметінің мамандары өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Біз еріктілерге нұсқау беріп, оларға медициналық бетперделер мен қолғаптарды дұрыс киюді, антисептикалық құралдарды дұрыс қолдануды, сондай-ақ, адамдардың үйлеріне барған кезде олармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйреттік», – деп мәлімдеді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Дархан Тұрлыбеков.
Жұмыс барысында еріктілер адамдармен жиі қарым-қатынас жасайды. Карантин кезінде волонтерлер медициналық қызметкерлермен бірлесіп, көмекке мұқтаж адамдарға жеке қорғаныс құралдарын таратады, дәрі-дәрмектер мен азық-түлік себеттерін зейнеткерлердің үйлеріне жеткізіп береді. Олар бетперделерді қарапайым тұрғындарға аялдамаларда, қоғамдық көліктерде, сауда орталықтары мен дүкендерде үлестіреді. Сол себепті жалпыұлттық «Біргеміз» қозғалысының волонтері Ерали Билеш гигиеналық ережелерді қатаң сақтау керек деп есептейді.
«Біз Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мамандарынан сабақ алдық. Қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қараймыз. Азық-түлікті жеткізу кезінде біз адамдармен үнемі қарым-қатынас жасаймыз. Айналамыздағы адамдардың барлығын қауіпке тікпеуге тырысамыз. Сондықтан жеке гигиенаны, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау қызметі ұсынған барлық нормаларды сақтаймыз», – деп атап өтті Е. Билеш.