Әйгерім Бекетаева: Елімізде жастардың дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына барлық мүмкіндік жасалған

Әйгерім Бекетаева: Елімізде жастардың дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына барлық мүмкіндік жасалған

«Астана Операның» жетекші балет солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ол сөз басында тәуелсіз елімізде жастардың өз бойындағы қабілетін жүзеге асыруы үшін барлық жағдай жасалғанын айтып өтті.

«Қазақстан мәдениетінің дамуына өз үлесімді қосу мүмкіндігіне ие болу мен үшін үлкен қуаныш. Жауапкершілік өте зор, өйткені әлемдік аренада біз әртіс ретінде өзімізді ғана емес, сонымен қатар өз Отанымызды да таныстырамыз! Мен болашаққа сеніммен қараймын және өзімнің Қазақстанның бөлшегі екенімді мақтанышпен сезінемін. Қазіргі таңда жастардың дамуына, өздерін жетілдіруіне және тұлға ретінде қалыптасуына барлық мүмкіндік жасалған», – дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, мәдениет саласы елімізде қанатын кең жайып, қарыштап дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Мәдениет – тәуелсіз мемлекетіміздің ажырамас бөлігі. Қазіргі уақытта классикалық театрларда әлемдік опера және балет жауһарлары ұсынылуда, сондай-ақ сахнада ұлттық спектакльдер де зор табыспен көрсетіліп келеді. Бұл еліміздің мәдени дамуы жоғары деңгейде екенін білдіреді. Әлбетте, гастроль кезінде бізді тағатсыздана күтіп, ілтипатпен қарсы алғанда қатты қуанып қаламыз. Бұл шетелдік көрермендердің біздің әртістеріміздің бойынан шығыстың менталитетіне тән кеңпейілділік пен дарынды байқағандығынан деп ойлаймын.

Біз өзімізді мемлекеттің қолдауының арқасында таныта алатынымызды тағы да қайталап айтқым келеді. Өнеріміз бен шығармашылығымыз арқылы біз өзімізді мәдениеті жоғары әрі дамыған мемлекет ретінде паш етеміз», – дейді Әйгерім Бекетаева.

Сөз соңында қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

«Еліміздің өсіп-өркендей бергенін қалаймын. Мен өз Отаныма деген махаббатымды патриотизмім, жетістіктерім мен жеңістерім, өзімнің биіммен көрермендерді қуантуға деген құлшынысым арқылы білдіремін. Қазақстандықтарға ең алдымен денсаулық, ашық аспан, жаңа шыңдарды бағындыру жолында сарқылмайтын күш-жігер тілегім келеді. Бір-біріңізге махаббатпен және қамқорлықпен қарауға шақырамын!» – деді ол.