
Астанадағы Достық үйінде «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты насихаттау, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және онымен күрес мәселесіне қоғамның назарын аудару.
Елорданың Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова елорда әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұзақ мерзімді үшжылдық «Елордада парасаттылық идеологиясын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» жобасын жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
«Халықтың әртүрлі топтары, оның ішінде үкіметтік емес сектор өкілдері мен түрлі сала қызметкерлері үшін «сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру» бойынша әдістемелерді түсіндіру мақсатында қала деңгейінде әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде «Парасаттылық сағаты» тақырыбындағы дәрістер, түпкілікті нәтижеге бағытталған жаңа идеяларды жүзеге асыру мақсатындағы елорда тұрғындары арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үздік жоба» конкурсы, парасаттылық мәдениетін қалыптастыру саласындағы танымал спикерлерлермен бірлесіп, мектеп клубтары арасында «Адал ұрпақ» қалалық қоғамдық тыңдау, «Саналы ұрпақ» жобасы аясында студенттер арасында форум, журналистер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта «Үздік журналистік жұмыстарға» конкурс өткізілді, - деді Л.Құсайынова.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үздік жоба» байқауының жеңімпаздары болып Әлижан Қалибекұлы (1-орын), Саяжан Ұзақбай (2-орын), Ерсайын Жұмалдинов (3-орын) танылды.
Ал БАҚ өкілдері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Үздік журналистік жұмыстар» байқауынан Гүлжан Раманқұлова 1-орынды, Таңатар Төлеуғалиев 2-орынды, Ақниет Балтанова 3-орынды жеңіп алды.