Астанада киокушинкай-кан каратэ спортшыларына вандализм мәселесі түсіндірілді

Астанада киокушинкай-кан каратэ спортшыларына вандализм мәселесі түсіндірілді

Елордалық спорт басқармасына қарасты №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу шаралары бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Таяуда ғана, аталмыш спорт мектебіне қолданысқа берілген жекпе-жек залында киокушинкай-кан каратэден аға жаттықтырушы, білікті бапкер Жеңіс Айрат кешкі жаттығу барысында вандализм фактілерін, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары мен оның жазалары туралы өз шәкірттеріне кеңінен айтып, спортшылардың сауалдарына жауап берді.

Бапкердің айтуы бойынша, салауатты болашақ жастардың қолында және әрбір қала тұрғыны қоғамдық тәртіпті сақтауы және қала мүлкіне ұқыпты болу керектігін атап өтті.

«Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы, білімді де білгір, саламатты жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастыру үшін алдымен өзіміз дұрыс жолмен жүруміз керек.
Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін қазіргі жастар білімнің, не спорттың шыңына шығуға баға жетпес үлкен рухани қару екендігін жете ұғынса, қаперінде ұстаса, болашағы жарқын болары сөзсіз ғой. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. Кез келген құқық бұзушылық анықталып, соңы жауапкершілікке әкелетінін ұмытпау қажет. Ішкі тәртіп, заңға және өзге адамдардың құқықтарына құрметпен қарау – бұл қоғам ұмтылуға тиіс нормалар. Бұл біздің қоғам алдындағы борышымыз», - дейді киокушинкай-кан каратэден аға жаттықтырушы Жеңіс Айрат.