
Астана қаласында әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Алматы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Жарқын болашақ кепілі – балалар» атты форум өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Саматұлы, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, Asar-Ume қайырымдылық қорының негізін қалаушысы Асхат Нұрмашев, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Асанов, «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы және блогер Алексей Лодочников қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – пәндік олимпиадаларда, шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстарда жетістікке жеткен ауданның қабілетті және талантты оқушыларының шығармашылық әлеуетін ынталандару және тәжірибе алмасу. Форумға 1-11 сынып аралығындағы 268 оқушы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатысты.
Форум бағдарламасында онлайн құттықтау, TED talks форматында сұхбаттасу, марапаттау, арнайы сыйлықтар және фуршет өтті.
Аталған форум аясында аудандағы белсенді оқушыларға арналған осындай қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды, балалар форумға қатысушылардың танымдық баяндамаларын, іс-тәжірибелерін қызыға тыңдап, пікір алмасты.