Мемлекет отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді – Сания Ирсалиева

Мемлекет отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді – Сания Ирсалиева

Отбасылық саясаттың ұлттық моделі отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, үлкендерді құрметтеуге, жауапкершілікке, патриотизмге тәрбиелеуге негізделген. Еліміздің 20 миллион тұрғынының тууы және отбасыларды қолдау шаралары туралы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі және «Астана іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ басшысы Сания Ирсалиева айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Мемлекет баланың шақалақ кезінен болмыс-бітімі қалыптасқанға дейін отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді: халықтың осал топтары үшін түрлі жәрдемақылар қарастырылған, отбасының цифрлық картасы енгізіледі, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыруға дайындық жүріп жатыр. Бұл шаралар балалардың әл-ауқатын нығайтуға және аналарды қорғауға бағытталған.

Мемлекет балалары бар отбасылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті жағдайлар жасайды. Бұл ретте материалдық көмек көрсету, түрлі жеңілдіктер жасау, демографиялық ахуалды жақсарту бойынша түрлі институттар құру, сондай-ақ халықты қолдау жөніндегі өзге де бағдарламалар жүргізу арқылы халықтың түрлі топтарына жан-жақты қолдау көрсетуді атап көрсеткен жөн.

Отбасының цифрлық картасын енгізудің арқасында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 651 мыңнан астам адам мемлекеттік қызметтерді алу үшін SMS алды. Бұл ретте өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 249 мыңнан астам адам пайдаланды.

Қазіргі уақытта отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға өтінішсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы; атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Тұрғын үймен және білім берумен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балаларға инвестициялық кірістің 50% төлеу жөніндегі «Ұлттық қор – балаларға» жобасына сәйкес 18 жасқа дейінгі балаларға жинақтау және төлем тетіктерін іске асыру регламенті әзірленді және бекітілді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосу 2024 жылдың 1 қаңтарына жоспарланған», - деді Сания Ирсалиева.