Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері «Дастархан» спектаклімен басталды

Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері «Дастархан» спектаклімен басталды

Елорданың Қуыршақ театрында Маңғыстау облысының әртістерінің орындауында «Дастархан» қойылымы көрсетілді. Бұл Маңғыстау облысының мәдени күндерінің Астанадағы «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі» бағдарламасының алғашқы іс-шарасы, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Театр өкілдері елордаға қазақ мәдениетін, оның салт-дәстүрлерін паш ететін қойылымдар дайындап әкелгенін айтты.

«Біз елордаға Маңғыстау облысының мәдениетін таныстыру үшін ең үздік қойылымдарымыздың бірі – «Дастархан» спектаклін дайындап әкелдік. Театрымыз «Айжан әжейдің ертегілері», «Қазақтың ою-өрнектерін жаңғырту» және «Дастархан» трилогиясын мақтан тұтады. Бұл спектакльдер қазақ мәдениетінен, дәстүрінен және ұлттық құндылықтарынан сыр шертеді. Мысалы, «Айжан әжейдің ертегілерінде» біз балаларға қой жүнінен күнделікті өмірде қолданылатын түрлі заттарды жасау тәсілдері туралы көрсетеміз. «Қазақтың ою-өрнектерін жаңғырту» спектаклінде біз ою-өрнектердің тарихын, олардың шығу тегі мен мағынасын көрсетеміз. Ал «Дастархан» қойылымы киіз үйдің безендірілуі туралы баяндайды»,- деді Маңғыстау облыстық Қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева.

Шоу-бағдарламадан кейін былтырғы «Ұмай»сыйлығының иегері болып саналатын спектаклі қойылды. Маңғыстау облысы әкімінің Қазақстан халқы Ассамблеясы мәселелері жөніндегі орынбасары Ирина Беляева дәстүрді сақтаудың маңыздылығы туралы өз пікірімен бөлісті.

«Биыл Маңғыстау облысына 50 жыл және Астанаға 25 жыл толды. Күш-жігерімізді біріктіру арқылы біз бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізе аламыз деп сенеміз. Өткен тарихымызды, салт-дәстүрімізді сақтаудың орны бөлек. Сондықтан ата-бабаларымыздан мұра боп қалған әдет-ғұрыптарымызды сақтау маңызды», - деді ол.

Үш күндік іс-шаралар аясында театрландырылған қойылымдар мен жыр-дастандар, өңірдің өнім көрме-жәрмеңкесі, әдеби-музыкалық кештер мен салтанатты жиындар ұсынылады.