Астанада Маңғыстау облысының күндері қалай өтіп жатыр

Астанада Маңғыстау облысының күндері қалай өтіп жатыр

Елордада Маңғыстау облысының «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі» атты мәдениет күндері басталды. Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов 7-9 қараша аралығында өтетін іс-шаралар туралы қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Елорда төрінде маңғаз мекеннің мәдени жауһарлары жұртшылық назарына ұсынылып, ата салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықты ұлықтаған өлке өнерпаздарының өнері паш етіледі.

Үш күнге жалғасатын мәдени-рухани іс-шаралар аясында астаналықтарға арнап театр қойылымдары сахналанып, маңғаз Маңғыстаудың мақамды жыр-дастаны, өңір өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, сондай-ақ әдеби-сазды кештер мен салтанатты жиындар ұйымдастырылады.

«Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» Маңғыстау облысының Астана қаласында өтетін күндерінің бағдарламасы:

7-8 қараша күндері сағат 10.00-12.00 аралығында Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының балаларға арналған қойылымдары өтеді. Оны «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қойылады.

7 қараша күні сағат 15:00-де «Мақамы Мәшһүр Маңғыстау» күй кеші өтеді.
Іс-шара Қазақ Ұлттық өнер университеті залында ұйымдастырылады.

7 қараша күні сағат 18.30-да Е.Аманшаевтың «Құбылу» спектаклін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының актерлері сахналайды. Қойылым М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында өтеді.

8 қараша күні сағат 10.00-17:00 аралығында Маңғыстау облысының туристік әлеуетімен танысу үшін «Марс пейзаждары» көрмесі ұйымдастырылады.
Өтетін орны: Достық үйі
8 қараша күні сағат 10.00-17.00 аралығында Маңғыстау өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Ол Достық үйінде өтеді.

8 қараша күні сағат 11:00-де «Маңғыстау – ұлттық құндылықтар құндақталған мекен» рухани іс-шарасы Достық үйінде өтеді.
8 қараша күні сағат 17.00-де Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология, Маңғыстау қазақтарының ХХ ғасырдағы ұлттық киім үлгілері көрмесін, Н.Мұхановтың «Күмбірлейді күмістер» коллекциясынан көрме және қолөнерші Алдаберген Тіленбаевтың сүйектен жасалған картиналарының көрмесі өтеді. Өтетін орны:
Бейбітшілік және келісім сарайы.

8 қараша күні сағат 19.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндерінің ашылу салтанатының гала-концерті өтеді.

9 қараша күні сағат 15.00-де Еуразия ұлттық университетінің залында «Ақиық өлке, алғи-жыр» атты маңғыстаулық ақын-жазушылардык әдеби сазды кеші өтеді.

9 қараша күні сағат 18:30-де Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының ұжымы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» спектаклін сахналайды.
Өтетін орны: М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры.

9 қараша күні сағат 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Мерейлі мекен – Мұнаралы Маңғыстау» атты М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің концерті, Маңғыстау күндерінің жабылу салтанаты өтеді.