
Астанада соңғы жылдары қозғалтқыштары газбен жұмыс істейтін автокөліктердің саны едәуір өсті. Қаладағы авто-газ құю станцияларының саны 64-ке дейін өсті. Мұндай объектілерде өрт-жарылыс қауіпті газ қоспалары пайдаланылатындығын ескере отырып, адамдардың өліміне және материалдық залалға әкеп соғуы мүмкін өрттер мен түрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупі артады. Елорданың коммуникациялар қызметіндегі брифингте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Астана ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ажар Рүстемова айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Құтқарушылар жанармай құю станцияларындағы өрттердің негізгі себептерін газ модульдері жабдықтарының ақаулығы, АГҚС цистерналарына жанармай құюдың технологиялық процесінің бұзылуы деп атады.
«АГҚС басшыларына жанармай құю станцияларының аумағын жанғыш қоқыстардан, құрғақ шөптерден, жапырақтардан, мамықтан және төгілген мұнай өнімдерінен уақытылы тазартуды ұсынамыз. Модульдік автогаз құю станцияларын ЖМҚС аумақтарында орналастыру кезінде «өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінде көрсетілген талаптарға сәйкес Өртке қарсы қашықтықты сақтау қажет. АГҚС-да өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ҚР Кәсіпкерлік Кодексі шеңберінде іске асырылуда. Есепті кезеңде анықталған бұзушылықтар бойынша жою мерзімдері бар нұсқамалар беріле отырып, үш АГҚС-қа мемлекеттік бақылау жүргізілді. Мораторийдің қолданылуына байланысты АГҚС-тың көп бөлігі бақылауға алынбады. Осыған байланысты біз үгіт-насихат жұмыстарын ауқымды жүргізіп жатырмыз», - деді Ажар Рүстемова.
Осылайша, қыркүйек айында елордада 32 АГҚС қамтылған «қауіпсіз жанармай құю» бес акциясы өткізілді, оның барысында өрт қауіпсіздігі нормалары қызметкерлерге де, автокөлік иелеріне де түсіндірілді. Қазір жанармай құю станцияларының аумақтарында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау туралы ақпараттық жадынамалар (стендтер) белсенді орналастырылуда.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау елорданың барлық объектілерінде жүзеге асырылады. Есепке 24 791 объект алынды, оның ішінде 23 626 объект (95%) жеке бизнес субъектілері болып саналады. Қолданыстағы заңнаманы және мораторийдің қолданылуын ескере отырып, 313 жеке бизнес нысаны бақылаумен қамтылды, онда 2 435 өрт қауіпсіздігін бұзу анықталды. Бұзушыларға жою мерзімі бар нұсқамалар берілді.