Азия Пара ойындарының қола жүлдегері елге оралды

Азия Пара ойындарының қола жүлдегері елге оралды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында жүзу спорты түрінен командалық сайыста өнер көрсетіп, қола медаль иеленген елордалық Сиязбек Далиев елге оралды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық спортшы Сиязбек Далиев ыстық ықыласпен және құттықтаулармен қарсы алған жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

«Пара Азия ойындарына қатысып өз еліме, Қазақстаныма соның ішінде Астана қаласына қола медаль алып келгеніме өте қуаныштымын. Бұл біздің ортақ жеңісіміз! Қолдауларыңыз бен жылы лебіздеріңізге көп рақмет!» – деп өз әсерімен бөлісті Сиязбек.

Астана қаласының халықаралық әуежайына жерлестерін күтіп алуға қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, елордалық мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері, сондай-ақ спортшының отбасы келді.

«22-29 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындары еліміз үшін өте сәтті өтті. Себебі, еліміз өз тарихында жүлде саны мен сапасы жағынан барлық рекордты бұзды. Екіншіден, Қазақстан алғаш рет пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг спорт түрлерінен алтын жүлдеге ие болды. Облыс арасында медаль саны бойынша көш басында Астаналық пара спортшылар жайғасты. Астана қаласы – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальге ие болды.

Пара дзюдодан өнер көрсеткен 24 жастағы Ақмарал Науатбек пен 38 жастағы Ерғали Шамей жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль иегерлері атанды. Дәл осы спорт түрінен 30 жастағы Асылан Нұрдәулетов күміс жүлдегер атанса, 35 жастағы Бауыржан Арстанбеков қола жүлдеге ие болды. Ал Сиязбек Далиев аралас комплекстік эстафетада командалық сайыста қола жүлде еншіледі. Биылғы Азия Пара ойындары Астана қаласы үшін жақсы көрсеткіш деп айтуға болады», – дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.