
Сауд Арабиясының Әр-Рияд қаласында өтіп жатқан V Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының кезекті жарыс күні мәресіне жетті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ұлттық спорт түрлерінен бірқатар жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұл қатарда қазақ күресі де бар. Алғаш рет жауынгерлік өнер ойындарының бағдарламасына еніп, 5 салмақта мықтылар анықталды. Оның үшеуі ерлер, екеуі әйелдер арасында өтті.
Айтулы додада ақтық белдесуге дейін ел намысын қорғаған астаналық бозкілем шебері Мәди Амангелді (85 кг) өз салмағында қасылас шақ келтірген жоқ. Осылайша елордалық спортшы Мәди қазақ күресінен алтын медаль иегері атанды.
«Осы жеңісімді Республика күніне арнаймын. Жарысқа келер болсақ, өте қарқынды, биік деңгейде өтті деп айтуға болады. Қазақ күресі қазір өте қатты дамып жатыр. Әр салмақта мықты палуандар жиналды. Ең қиыны финал болды. Қарсыласым тәжікстандық спортшы былтыр Астанадағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Жақсы күресіп шықты», - дейді Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының чемпионы Мәди Амангелді.
Жалпы қазақ күресінен мұнда 14 мемлекеттен 40 палуан жиналды. Олар – Италия, Әзербайжан, Польша, Моңғолия, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Иран, Сербия, Үндістан, Нидерланд Корольдігі, Қазақстан елдері.
Биыл ұлттық спортымыз алғаш жауынгерлік өнер ойындарының бағдарламасына кірді. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1-орын алса, Өзбекстан мен Қырғызстан үздік үштікті түйіндеді.
Жалпы Әр-Риядтағы ойындар бағдарламасында 16 спорт түрі бар. Бұл қатардағы дзюдо, таеквондо, күрес, семсерлесу мен бокс Олимпиада санатында. Сондай-ақ айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, каратэ, кендо, кикбоксинг, тай боксы (муай-тай), самбо, сават (француз боксы), сумо мен ушу бар.
Бұл ойындарға Қазақстан 9 спорт түрінен 53 атлеттен делегация жасақтап алып келді. Қазір Қазақстан делегациясы 5 алтын, 10 күміс, 13 қола медальмен жалпы есепте 7-орында тұр. Көш басындағы Украина өз басымдығын тағы арттыра түсті.