
Елордада «Астана қаласының электр энергетикасы саласындағы өзекті мәселелер туралы» тақырыбында онлайн брифинг өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Брифингке Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов пен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов қатысты.
Баспасөз мәслихатында 29 қазанда орын алған тосын жағдай туралы Астана әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов мәлімдеді.
«Сағат 21.57-де бірқатар тұтынушылар үшін электр қуаты үзілді. 10 қалалық қосалқы станция жұмысын тоқтатты. Негізінен елорданың оң жағалауында электр энергиясын жеткізуге шектеу енгізілді. Айта кету керек, екінші станцияның жұмысында ешқандай технологиялық үзіліс болған жоқ, ЖЭО-2 қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда. Жабдықтау желілерінде төтенше жағдай орын алды. Төтенше жағдай жойылып, 30 қазан күні сағат 02.00-де барлық абоненттерге электр жарығы берілді. Әрине, әлеуметтік нысандардың тоқтап қалу фактілері болды, бұл ретте барлық медициналық мекемелерде, бірінші кезекте жансақтау және операциялық бөлімдерінде дизель генераторлары жұмыс істеді», - деп түйіндеді сөзін Н.Нұркенов.