
«ProFit» аула клубында танымал спортшылар балаларға арнап шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Біз «ProFit» клубының тәрбиеленушілерімен бірге бокс және грэпплинг бағыттары бойынша дәстүрлі іс-шара өткіздік. Аула клубтары кәсіби спортты одан әрі дамытудың алғашқы бастамасы болып саналады.
Бүгінгі таңда 10-нан астам жас боксшы республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі уақытта оларды балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр», - деп атап өтті Астана қаласы әкімдігінің «Астана Жастары» жастар орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин.
Салтанатты іс-шарада тәрбиеленушілер бокс пен грэпплингтегі дағдыларын көрсетті.
«Шеберлік сабағынан ләззат алдым.
Жаттықтырушылардың көмегімен деңгейімізді де арттырып, күн сайын дамимыз», - деп өз ойымен бөлісті жас боксшы Асанәлі Қуаныш.
Халықаралық және республикалық жарыстардың танымал жаттықтырушылары өздерінің кәсіби жолы қалай басталғанын айтып, балаларды ынталандыру үшін шеберлік сыныптарын өткізді.
«Мен джиу-джитсумен 15 жылдан бері айналысамын.
Балалармен жұмыс істеудегі басты қағидатым – тәрбие мен тәртіп», - деді джиу-джитсудан халықаралық деңгейдегі спортшы, Азиада-2022 қола мен күміс медаль иегері Нұрсұлтан Дүйсенқұлов.
Іс-шара барысында аула клубының тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, олар чемпиондарға сұрақтар қойып, пайдалы кеңестерін тыңдай алды.