
Бүгінгі таңда қалада біртұтас жүйеге біріктірілген Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде (ОКЖ) 18 жалпыға қолжетімді қалалық кітапхана жұмыс істейді. Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Гүлбадан Мәдибаева мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
18 кітапхананың ішінде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, 11 көпшілік, 6 балалар кітапханасы бар.
Оның айтуынша кітапханалардағы жалпы кітап қоры 750 000 дана. Оқырмандар саны – 78 мыңнан астам адам. Сол сияқты ОКЖ кітапханаларының ең көп оқырмандар тобы орта мектеп оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, оқытушылар, дәрігерлер, жеке кәсіпкерлер, қызметкерлер, зейнеткерлер, уақытша жұмыс істемейтін азаматтар екенін айтып өтті.
«Қала жүйесінің кітапханаларында кітапхана ісінің 92 маманы жұмыс істейді, оның ішінде 73-і – жоғары білімді, оның ішінде жоғары арнайы (кітапханалық) 22 маман; орта арнаулы – 28, оның ішінде орта арнаулы (кітапханалық) – 19 маман.
Бүгінгі таңда ОКЖ кітапханалары – бұл кітап беру, электронды каталог қана емес, сонымен қатар оқырмандар шахмат ойнауға немесе кітап оқуға ыңғайлы және жағымды уақыт өткізе алатын жайлы кеңістік.
Барлық кітапханалар толық оқу, жұмыс және қарым-қатынас, шығармашылық даму үшін ашық кеңістікке айналды. Мұнда күн сайын қызықты іс-шаралар, танымал және зиялы адамдармен кездесулер өтеді», - дейді Гүлбадан Мәдибаева.
Ол сөзін жалғай отырып, қолданыстағы кітапханалардың қызмет көрсету аймақтары үнемі өсіп, оқырмандар саны артып келе жатқанын қозғап өтті.
«Ә.Бөкейхан көшесі, 25В; Ж.Нәжімеденов көшесі,27; Қосшығұлы көшесі, 8/2 және Сығанақ көшесі, 4 мекенжайларында жаңа 4 кітапхана ашуды жоспарлап отырмыз, онда тұрғындар ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етілмеген. Бұл көптеген көркем әдебиеттерді жедел таныстыруға мүмкіндік беретін өз-өзі дамыту және білім беру орталықтары ретінде қоғамдық кітапханалар болады; балалардың, жасөспірімдердің оқуы, қарым-қатынасы, шығармашылық дамуы үшін жайлы кеңістіктер беріледі», - дейді мекеме басшысы.