Астанада орыс драма театры жаңартылған ғимаратта 123-маусымының шымылдығын ашты

Астанада орыс драма театры жаңартылған ғимаратта 123-маусымының шымылдығын ашты

Астанада Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры күрделі жөндеуден кейін тарихи ғимаратта жаңа 123-маусымының шымылдығын ашты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алғашқы күні көрермендер К.Жүнісовтің «Әлия» драмасын тамашалай алды, режиссері – И.Седин.

Спектакль Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған.

Театрдың салтанатты ашылу рәсіміне елордалық мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова қатысты.

«Республика күні қарсаңында елордада «Әлия» спектаклінің премьерасы өтті.
Барлығы бұл кейіпкердің шынайы өмірде болғанын, оның Әлия Молдағұлова есімді қыз екенін біледі. Ол фашистермен күресте өзін батыл әрі елі үшін жанын берген қаһарман ретінде көрсеткен. Бұл спектакльде ғалым, ҚР Өнер академиясының академигі Марат Әбсеметов секілді өзге де көптеген тұлғаларды кездестірдім», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауындағы театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.
Жаңартылған залдардан және кабинеттерден басқа театрда заманауи сахналық, цифрлық дыбыстық және жарық жабдықтары орнатылған.

«Жөндеу жұмысы бес жылға созылды. Осылайша 123-театр маусымы ашылып отыр.
Бүгін біз қойған пьесаның орны бөлек. Ол біздің жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған күніне орайластырылған. Бүгін көрермендер Әлия рөлінде дебют жасаған талантты актриса Айжұлдыз Бағланованың ойынын тамашалай алды. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін орны ерекше Республика күнімен тұспа-тұс келді. Осы іс-шарадан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен актерлер жиналатын форум өтеді деп күтіліп отыр. Театр сыншылары Алматы мен Санкт-Петербургтен арнайы келеді», - деді театр директорының орынбасары Александра Кустовская.

Қараша айынан бастап астаналықтар жаңа спектакльдерді, театрдың сүйікті қойылымдарын тамашалай алады.