Астанада «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» атты конференция өтті

Астанада «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» атты конференция өтті

Елордадағы Достық үйінде «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» тақырыбында Республика күніне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қайта жаңғырған Республика күнінің маңыздылығы жайында өткен конференцияға Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, мемлекеттік органдардың, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиын басында Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов жиналған қауымды алдағы мерекемен құттықтап, этномәдени бірлестіктердің ынтымағының маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінде түрлі ұлт өкілдері қазақ халқын туғанындай көреді. Олар осында өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Халықтар арасындағы бейбітшілік өте маңызды екені белгілі.

Осымен екінші жыл жаңа мазмұнда атап өтілетін Республика күнінде халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім одан сайын арта түседі. Қайта жаңғырған ұлттық мереке халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Ұлттық тіліміз, дініміз, рәміздеріміз арқылы азаттығымыз бен қазақтығымыз айқындалды. Мұның бәрі берекелі бірлік пен еңселі еңбектің арқасында десек артық айтқанымыз емес. Еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болсын», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ конференция барысында тарих ғылымдарының докторы Алима Ауанасова, Астана ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Татьяна Брынза, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Гүлнар Каженова Республика күніне орай өз баяндамаларын ұсынды.